Телефон доверия
Телефон доверия
110
Телефон доверия
110
Телефон доверия
Меню
X
Татьяна Николаевна Саваровская туралы

Татьяна

 

Асыға күткен Жеңісті ерлігімен және өз өмірімен жақындатқандардың бірегейі – чекист-партизан Татьяна Николаевна Саваровская болатын. Ол
1918 жылы туған, Павлодар облысының тумасы. 1942 жылы армия қатарына шақырылып, Мәскеудегі радистер мектебіне жіберіледі, оны бітіргеннен кейін мемлекеттік қауіпсіздік органдарына қызметке түседі.

 

Одан әрі чекист-радист ретінде арнайы даярлықтан өтеді. Осы күрделі кәсіпті табанды түрде игеріп, «арғы жақтағы» ықтимал ақауларды өздігінен жою үшін алдағы уақытта жау тылында жұмыс істейтін радиотехниканы жетік меңгеріп, кілтте жылдам жұмыс істеуді пысықтайды. Ол ату даярлығының, алыс қашықтыққа жүгірудің, кедергілер мен бөгеттерді еңсерудің, орман алқаптарында бағдарланудың толық курсынан өтеді. Осының барлығы оның бойында майдан шебінен тыс іс-қимыл жасау үшін қажет төзімділік қасиетін қалыптастырады.

 

Соғыс кезеңінде елдің мемлекеттік қауіпсіздік органдары жау басып алған аудандарда, әдетте, мысалы «Артур» және басқа да кодтық атаулар берілетін жедел-барлау және диверсиялық жасақтар мен топтар құру жоспарын әзірлеп, жүзеге асырған еді. Олар барлау және қарсы барлау жұмыстарын шешу үшін жау тылына жіберіліп, Үлкен жердің «ресми» өкілдері болып табылатын және олармен жедел сипатта мерзімді және тұрақты байланыс ұстап тұратын. Оларды орналастыру аудандарын негізінен Орталық айқындайтын.

 

Сондықтан біз оларды қарапайым ұғымдағы партизандар деп айта алмаймыз, алайда әртүрлі жерлерде және әртүрлі жолдармен партия-кеңес органдары құрған ондай жасақтармен чекистер өзара іс-қимыл жасайтын, кейде олармен қосылып та кететін.

 

1943 жылғы сәуірдің түнінде «Артур» аталатын Иван Федорович Золотер бастаған ерекше мақсаттағы барлау-диверсия тобының құрамында
Т.Н. Саваровская Беллоруссияға, Борисовский ауданында орналасқан Дядя Коляның партизан бригадасының базасына ұшып шығады.

 

Түсіру орнына жақындаған кезде жау зенитшілері олардың ұшағын байқап қояды. «Құлатып түсіреді ме екен?!» - деп ойлайды десантшылар. Терезеге қарап отырған Саваровская төменде жылтылдаған алауды бірінші болып байқайды. Осындай қауіп-қатерге толы қиын жағдайда экипаж қайткенмен де машинаны партизандар белгі етіп берген алауға келтіреді. Ең қатерлі сәт – секіру уақыты келді. Барлығының көздерінде үрей болатын. Ол түсінікті де: төменде тұңғиық. Әрбіреуінің қаншалықты табысты қонатынын кім біледі? Кімде-кімді алысырақ, жау қолына алып кетеді ме? Алайда кейбір оқиғалар ұшырасқанымен, жерге барлығы сәтті түседі. Алаудың жанында олар жаңалықтары мен әсерлерін ортаға салады.

 

Көп ұзамай, «408» деген шақыру белгісі бар Татьяна Саваровская өз міндеттерін орындауға кіріседі, Үлкен жермен жедел радиобайланысты жүзеге асырып, топтың белгіленген ауданда екенін және іс-қимылға кірісуге әзір екенін хабарлайды. Осылайша қиындығы мол, үрей мен қатерге, тәуекел мен өлім қаупіне толы барлаушы-радистің жұмысы басталады.

 

Орталыққа берілген радиограммалардың мазмұнында неміс әскери бөлімдерінің орналасқан жерлері, олардың қозғалысы, қару-жарағы, сандық құрамы туралы мәліметтер болатын. «408» радиостанциясы үлкен жүктемемен жұмыс жасады.

 

Татьяна Саваровская Орталыққа «тілдің» - неміс полковнигі Вернердің қолға түскені, Гитлер жақсы бағалайтын Беллоруссияның империялық комиссары фон Кубенің өз пәтерінде партизан минасынан жарылғаны, «Абвер» борисоглебский бөлімшесінің (қарсы барлау) басшысы полковник Нивелингердің ұсталғаны және Дядя Коляның – Петр Григорьевич Лопатиннің, кейіннен Кеңес Одағының Батыры, бригадасы жүзеге асырған басқа да акциялар туралы хабарлайды. Осы бригаданың құрамында «Артур» жасағы да әрекет еткен болатын.

 

Вермахт орталық тобы ӘӘК штабының бөлім бастығы полковник Курт Вернер Борисовский ауданындағы Колодищеде орналасқан әскерлер штабына келеді. Ол жерде онымен чекист-партизандардың тапсырмасы бойынша Саворовскаяның құрбысы – барлаушы Галина Финская танысады, кейіннен Кеңес Одағының Батыры, 1990 жылы Минск қаласында қайтыс болған. Неміс офицерлерінің асханасында даяшы болып істейтін Вера Молокович арқылы Галина Васильевна Финская Вернерді орманда ұйымдастырылған табиғатқа саяхатқа шақырады, ол жерде қыздар мас күйдегі Вернерді қарусыздандырып, жақын жерде күтіп тұрған партизандарға береді. Вернер 33 неміс әуе айлағының нақты координаталарын атап, сандық құрамы мен ұшақ түрлері туралы хабарлады. Вернерге Орталық қызығушылық танытып, ол шұғыл түрде майдан шебінен тыс жөнелтілген болатын.

Сонымен қатар, Вернер фюрердің бұйрығы бойынша генерал фон Кубе партизандарды, оның ішінде Дядя Коляның жасағын жою бойынша 40 мыңдық армияны тарта отырып, «Коттбус» операциясының жоспарын әзірлегенін айтты. Партизандар Елена Мазаник арқылы Кубені жою жоспарын әзірлеп, жүзеге асырды, ол Мария Борисовна Осипованың жәрдемімен Кубенің үйіне үй шаруасы болып орналасып, жатын бөлмеге байқалмайтындай етіп мина қояды. Кубе жазасын алды, ол минаға жарылды. Барлық Германия бойынша қаралы күн жарияланды.

 

Елена Мазаникті операцияға «Артурдың» мамандары даярлаған болатын. Ол
1989 жылы қайтыс болды.

 

«Абвердің» қызметкері полковник Нивелингерді барлаушы-партизандар оның пәтерінде әйелімен бірге, олар концерттен келген кезде ұстады. Нивелингер өмірінің 23 жылы соғысқа дейінгі КСРО-да өткенін мойындады. Ол сол кезде Қызыл Армияның кадрлық құрамына өтіп, әскери округтердің бірінің бөлім бастығы лауазымына дейін көтерілген. Жау ұясын талқандағаннан кейін ол тарихи Отанына өтіп кетеді. Кеңес Одағымен соғыстың басында ол «Абвердің» қызметкері ретінде Қызыл Армия тылына бірнеше барлаушы мен диверсантты тастады. Осыған байланысты, ол әйелімен бірге басып алынған аумаққа жіберіліп, онда біздің елімізге тастаған дәл сол агентураны ұстау үшін пайдаланылды.

 

Немістердің Курск шайқасына дайындалып жатқаны туралы Орталыққа Дядя Коля бригадасының чекист-барлаушылары хабарлады.

 

Татьяна Саваровская сондай-ақ партизандардың Кеңес Армиясының тылына тастау үшін барлаушыларды даярлаумен және оларды жау тылында кеңес-партия құрған партизандық құрылымдар мен жасырын ұйымдарға ендірумен айналысқан ЖБҰЕО (Жаңа буынның ұлттық-еңбек одағы) штаб бастығы Вильденмайерді қолға түсіруінің куәгері болған. ЖБҰЕО ақгвардиялық ұйым ретінде «Абвердің» басшылығымен әрекет етіп, кеңеске қарсы қызметпен айналысқан. Вильденмайердің түсініктері Орталықта да, сондай-ақ жергілікті жерлерде де барлау және қарсы барлау мақсаттарында қолданылған болатын. 

 

1944 жылғы шілдеде Саваровская Мәскеуге қайтып келеді де, демалыстан кейін ол қайтадан майдан шебінен тыс Прибалтикаға жіберіледі, бірақ ұзақ уақыт болмайды, сол жақтан ол Орталыққа буржуазиялық-националистік банда құрылымдарының әрекеті туралы ақпараттар береді.

 

Иә, Саваровскаяның майдан шебінен тыс жүріп өткен жолы қиын еді. Оған оқ атуға тура келген жағдайлар аз болғанымен, ол эфирге шығарған нүктелер мен сызықшалар Орталыққа жетіп, пулемет кезегіндей борап, Жеңісті жақындата түсті.

 

Соғыстан кейінгі уақыттан бастап өмірінің соңына дейін Татьяна Николаевна Саваровская Қазақстанның МҚК орталық аппаратында жұмыс істеп, өз борышын адал әрі асқан жауапкершілікпен атқарды.

 

Саваровскаяның бар ғұмырының мәні мен маңызы Отанға шексіз қызмет ету болды. Ол осындай қалпында біздің жадымызда мәңгі қалады.

Дата публикации: 17.01.2020