Телефон доверия
Телефон доверия
110
Телефон доверия
110
Телефон доверия
Меню
X
«Чекистердің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі»

(Совет Одағының батыры Садық Әбдіжаббаровқа арналады)

 

Қазақтың бағына, келешек тағдырына орай  небір жаужүрек батыр ұлдар  туылған. Ұлтының амандығын, тыныштығын, ел іргесінің бүтіндігін мұрат еткен батырлар арқасында еліміз аман қалған. Олар Тарих-ана кеңістігінде тұлғалық деңгейге көтеріліп, халқының бейбіт өмірі жолында жаумен шайқасып, батыр атанған. Бізге жеткен туған жерді сақтау, қорғау, келер ұрпаққа аманаттау ел бірлігі, ел ынтымағы идеясы барлық бабалар мұраларының ішіндегі рухани байлығымыздың алтын арқауы. Себебі олардың қайталанбас ерлігі - Отан, ел ертеңі, ұрпақ келешегі үшін жанқиярлыққа негізделген қаһармандық Отансүйгіштіктің үлгісі. Сондықтан олардың тарихтағы өшпес бейнелері ғасыр өткен сайын биіктеп, асқақтай түспек. Өлім мен өмір арпалысқан ауыр шайқастарда жан алысып, жан беріскен боздақтар ерлігімен келген Ұлы Жеңіс уақыт тегершігі айналған сайын ел тарихында аңыз болып қала бермек.

 ​​

«Чекистердің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі»

Сонау сұрапыл жылдардан қалған қымбат естелікке толы, ерлігі өнегелі өмірге айналған Совет Одағының батыры, Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері, полковник - Әбдіжаббаров Садық Сертекұлы жөнінде мұрағат құжаттарына сүйене отырып, оның сананы селт еткізер ерлігі, жасампаз қызметі әңгімеміздің арқауы болмақ.Тақырып басын оның балалық шағы мен  жігерлі жастық шағынан бастауды жөн көрдік.

Әбдіжаббаров Садық 1925 жылы Оңтүстік - Қазақстан облысы Шаян ауданы Қызыл-арық ауылында Әбдіжаббар мен Тазагүлдің отбасында дүниеге келген. Балалық шақтың кермек дәмін татқан бала Садық 1933 жылдан 1942 жылдар аралығында Өзбек ССР  Ташкенттегі балалар үйлерінде тәрбиеленген.

 1942 жылы Шаяндағы  қазақ  орта мектебін бітірген Садық, қаңтар айында өз еркімен майданға сұранғанда небәрі 18 жаста болатын. Жастайынан Батырлар жырымен ұлттық болмысын сусындатқан  Садықты ел қорғау міндеті оны ерте есейтіп жібергендей болды. Ел тыныштығына қол сұққан дұшпанмен бетбе-бет нағыз ерлерше шайқасу балаң жігіттің оны майданда дәлелдеу ниетімен астасып жатты.

6-гвардиялық әскері жанындағы соғыс тактикасына дағдылануды жетілдіру мақсатында кіші лейтенанттар курсынан өткен С. Әбдужаббаровтың майдан жолы Витебск бағытындағы ұрысқа енген 179 - Урал дивизиясының құрамында болудан басталды. Сөйтіп ол Прибалтика жерін жаудан азат етуге бағыт алған 71-гвардиялық атқыштар дивизиясының пулеметшісі болып талай жауды жер жастандырды.

Тарих деректеріне жүгінсек, Белоруссияны азат етуде Кеңес әскерлеріне  жергілікті халықтан құралған партизан жасақтарының зор көмек көрсеткені белгілі. Әсіресе олар Орталық Кеңес командованиесіне бағалы барлау мәліметтерін дер кезінде жеткізуге өте қырағылықпен көмек көрсетіп отырды. Сонымен қатар өзендер мен өткелдерді жау қолына бермей ұстап тұрды және күшті бекініс орнату арқылы елді мекендердің азат етуге белсенді түрде ат салысты. Ал, Кеңес әскерлері жаудың қарсы соққыларына тойтарыс беріп, оларды шегінуге мәжбүр етті. Бұлардың қатарында қайсар жауынгер Садық Әбдіжаббаров та Калинин, 1-Балтық жағалауы майдандарында Великие Луки, Невель, Витебск Полоцк, Шяуляй, Клайпеида қалалары үшін болған шайқастарда қайталанбас ерліктің  үлгісін көрсетті.                                                                              

Әскер үшін су шебі - қорғанысқа өте қолайлы екені белгілі. Сондықтан оны ешқандай әскер өз еркімен бере қоюы сөзсіз. 1944 жылы маусымда таң ата оң жағалауды басып алуға бұйрық алған жауынгер топ, Батыс Двинаға қарай бет алды. Алдарында не күтіп тұрғаны белгісіз?... Пулеметші жауынгер С.Әбдужаббаровтың міндеті - ұрысқа қабілетті алдыңғы топтың оң қанатын пулемет оғымен қорғау арқылы еш шығынсыз дивизияның алға жылжуын қамтамасыз ету еді. Шайқас барысында оның сақылдаған пулемет дыбысынан шошыған жаудың бір топ  әскері, сасқандарынан шегініс жасауларына тура келді. Осы мезетті пайдаланған Садық Әбдужаббаров  Батыс Двинадан жалғыз өзі жүзіп өтіп, немістер пулеметінің ұясын талқандап, 30 шақты жау солдатын жер жастандырып, 3 немісті (біреуі офицер) қолға түсіріп «тіл» әкелді. Сөйтіп ол 71-гвардиялық атқыштар дивизиясының қоршауға түспей, суды кешіп өтуіне жағдай туғызды. Осы жерде ол ауыр жараланған еді.

Бұл ретте деректерге шегініс жасасақ «Белоруссия» операциясы - 1944 жылы  маусым айынан тамыз айына дейін Ұлы Отан соғысы фронтында Кеңес Қарулы күштері жүргізген аса ірі стратегиялық шабуыл операциялардың бірі болған. Себебі орасан зор территорияны қамтыған Батыс Двинадан Припять өзеніне дейінгі 1000 шақырым Днепрден Висла мен Нарва өзендеріне дейінгі 600 шақырым неміс басқыншыларының қорғаныс жүйесі үшін аса маңызды еді. Операцияның басты мақсаты:- жау әскерінің «Орталық ұясын» талқандап Белорусь жерін азат ету еді.Осы уақытқа дейін Гитлер әскерлері өзендер мен қалың ормандарды, батпақты жерлерді пайдалану арқылы жақсы қаруланған әскерлерді шоғырландырып,  бекіністер орнатып үлгірген еді. Бұл жағдай  үшін жау қорғанысын бір мезетте бұзып-жарып, қарулы жаяу әскерлерін, ес жиғызбай қоршауға алып, олардың көзін жою арқылы батыл шабуылға шығу қажет болды. Әрине мұндай шешуші шайқас әскерді жан-жақты дайындықтан өткізу қажеттігін туындатты. Сондықтан жауынгерлер күндіз жау көзіне түсіп қалмас үшін түнде жаттықтырылды. Жердің асты мен үстіне қаруды қаптатқан немістердің әрекетіне тек дайындық тұрғысынан карау мүмкін емес еді. Сонымен бірге жау жақтан мәліметтер алудың жан-жақты бағыттары жүргізіліп отырды. Яғни барлау комбинациясының әр-алуан әдістері мен оның қарқындылығы жау топтарын дер кезінде толық анықтауға септігін тигізді. Ал жаттығу мен шайқасу бірге қарастырылды. Күндіз қалың тоғайды тыныстап, түнде барлаушылар арқылы белгіленген нысандарды сақтай отырып, алға жылжыған жауынгерлер қалың қарағайлы тоғай ішімен үздіксіз жүріп отырды. Кейбір жағдайларда жолдарында жаудың көптеген бекіністеріне тап келіп, оларды  жоюларына тура келді. Сөйтіп жаудың қарсы соққыларына жан-жақты тойтарыс берілді. Осылай майдандағы әдеттен тыс жүргізілген операция дайындығы бұған қоса жау тылындағы партизандар мен әуе күштерінің жұмылдырылуы немістердің қарсы шабуылға шығуына мұрша бермеді. Жан-жақты жұмылдырылған Кеңес жауынгерлерінің қайталанбас шайқасы немістердің ең күшті тобының «Орталығын» талқандады, Белоруссия  неміс-фашист басқыншыларынан толық тазартылды. Белорусь операциясындағы Кеңес әскерлерінің тамаша жеңісі олардың Отанға шексіз берілгендігін және рухани-моральдық бейнесінің ерекшелігін көрсетті. Кеңестік Белоруссияны азат етуге қазақстандық 8-гвардия 30-гвардия, 391 және 310 - атқыштар дивизиялары қатысып,  қазақстандық жауынгерлер ерлікпен шайқасты. Атап айтқанда олардың арасында қаһарман қазақ жауынгері Садық Әбдіжаббаровта бар болатын.

Оған 1944 жылы 22 шілдеде КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының жарлығымен «неміс - фашист басқыншыларымен болған шайқаста командованияның жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындағаны және жаужүректілік пен қаһармандық көрсеткені үшін» Совет Одағының батыры деген атағы және Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі берілді.

Қан майданда екі рет жараланып, 1946 жылы туған еліне Жеңіспен оралған С.Әбдіжаббаров жауынгер шинелін иығынан түсірмей-ақ, Алматы заң мектебіне түсіп, оны 1948 жылы бітіріп шығады.1949 жылы КОКП мүшелігіне алынған ол 1950 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факультетінің студенті атанып, оны 1954 жылы заңгер мамандығы бойынша аяқтайды. Ол сондай - ақ Қаз.ССР-нің Әділет Министрлігінде, Түркімен КСР-нің Ашхабад қалалық 3 - учаскелік халық соты, Түркімен КСР-нің Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің бөлім бастығы, Петропавл, Шымкент қалалары прокурорының көмекшісі болып қызмет атқарды. Бұдан кейінгі еңбек жылдары қауіпсіздік саласында жалғасын тапты. 1961 жылы мемлекеттік қауіпсіздік органдарына шақырылып, Қаз.ССР МҚК Оңтүстік-Қазақстан облыстық басқармасында тергеу тобының тергеушісі, одан кейін жедел уәкіл болды.

1971 жылы Киев қаласындағы КСРО МҚК басшылық және жеке құрам білімін жетілдіру  курсын бітіріп шыққан. Сондай-ақ   1965 - 1974 жылдар аралығында Қаз.ССР МҚК Шығыс-Қазақстан облыстық басқармасында аға уәкіл болып, ал 1975-1988 жылдарда Қаз.ССР МҚК Алматы облыстық  басқармасында бөлімше бастығы лауазымдарын зейнеткерлікке шыққанға дейін атқарған. Лейтенанттан  бастап (жедел қызметте оң нәтижелері үшін подполковник шені кезектен тыс берілген) полковник әскери шеніне дейін жеткен. Ленин, 3-дәрежелі «Даңқ», «Еңбек қызыл Ту» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.

Тәжірибесінде құқықтану білімін терең игерген С.Әбдіжаббаровқа қауіпсіздік органдарының жедел - тергеу қызметі бағытының принциптері мен әдістерін меңгеру қиынға соқпады.Сондықтан ол аз уақыт ішінде өзіне тікелей жүктелген жедел - қызмет учаскелерінде оң жетістіктерге қол жеткізіп отырды. Қажет болған жағдайда жас буын қызметкерлерге тәжірибе жинақтату мақсатында практиалық көмек  көрсетіп отыратын. Оның саналы да жарқын өмірі, көбінесе қауіпсіздік саласында тергеу қызметіне арналды. Жауаптылыққа негізделген, жүйелі түрде шешім қабылдау қабілеті - осы саланың жекелеген бағыттары мен әдістерін реттейтін базасын жасауға септігін тигізді.Сондай-ақ тергеу жедел-қызметі барысында мүдделерді қорғау жөнінде шешімдер мен іс-әрекеттерді дер кезінде қабылдап, тиісінше заңсыз әрекеттердің жолын кесуге аянбай үлес қосып отырды. Яғни осы салада заңдылық жүйенің іркіліссіз жұмыс істеуін  қалыптастыруға жол ашқан. Атап айтқанда топтасқан қылмыс түрлерін ашуда нәтижелік пен шеберлік көрсеткені үшін Басшылық тарапынан марапаттауларға ие болған. Сонымен қатар мемлекеттік қауіпсіздік саласы шеңберінде криминалистикада, соның ішінде  фото - кескіндерді лайықты зерделеу бойынша оларды ұтымды пайдалануда көптеген жетістіктерге қол жеткізді. 

Жеке болмысындағы ерекше қасиеті - «біреуге үйрету үшін, білімді болумен бірге, өзіңе сенімді болуың керек» дейтін қасындағы әріптестеріне. Сондықтан ол қан майданда болсын, бейбіт өмір майданында болсын, тек адал еңбек етудің, Отанға кіршіксіз таза, шынайы берілудің мінсіздігін көрсете білген қызметкер. Бұның дәлелі - қызмет атқарған кезеңде қоғам мен мемлекет қауіпсіздігіне қол сұғылатын фактілер мен қылмыстық мәселелерді қарауда, қауіпсіздік органдарында кәсіби - біліктілік деңгейдің көтерілуіне ат салысуы болатын.   

Батыр ағаның көзін көрген запастағы полковник құрметті зейнеткер – Алматы қаласының тұрғыны Асқаров Мергенбай Шайықұлы былай деп еске алады «мен 1988 жылы Алматы облысы бойынша мемлекеттік басқармасына ауысып келгенімде Әбдіжаббаров Садық зейнеткерлікке шығып кеткен екен. Бірақ мен оның ерлігі туралы толық деректермен Алматы қаласындағы  аталған облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің  мұражайында таныстым, ал оның өзімен тікелей жақын араласуымның, пікірлесуімнің сәті салтанатты мерекелерде, жеңіс мейрамында және халық алдында өткізілетін әр түрлі кездесулерде түсті. Батыр деген даңқынан имендіретін аға сөз кезегін алғанда - жасаған істері  туралы насихат айтып, шеберлік көрсетіп көп сөйлемейтін, ешқашан мақтанбайтын, ол жасаған ерліктері жайлы  айтудан гөрі, елге деген адалдықтың жастарға деген қамкорлықтың,  рухты оятатын парасатты ойларды алға тартатын. Оның іс-әрекетінен, таршылықта тарықпайтын, жоқшылықта жоғалмайтын, кезегі келгенде тайсалмайтын  бір қайсарлық сезіліп тұратын. Алдыңда жүрсе ақылшың, қасында жүрсе қамқоршың бола білетін ағаның қасиеті - ойы асқақ, өмірі қарапайым еді. Бірақ та сол қарапайымдылықтың арғы жағында кісілік пен тәрбиеліліктің көп құпиясы жататын. Көзі барда қадірін білдік, құрметтедік, сыйладық, үлгі тұттық. Атқарған жұмыстарын көлденең тартып міндетсінбейтін. Көп ашыла бермейтін. Өте сабырлы, салмақты еңбекқор болатын. Рухының мықтылығы соншалық, соғыс жылдарында ауыр жараланса да спортпен шұғылдану ол үшін кедергі емес еді. Соның арқасында ағамыз 79 жыл жасап, 2004 жылы дүниеден өтті.Әттең - соғыс жарасы болмағанда ағамыз жүз жасар ма еді? Шындығы - аты мәңгі өлмес батырға айналғаны анық».

Ал біздің түйіндеуіміз батырдың өнегелі өмірінен - емін-еркін өмір сүрудің, ел құрметіне бөленудің, игі істерге үлес қосудың үлгісін және «адамда өз арманының орындалуына керек нәрсенің барлығы бар» - деген қанатты сөзге жауап алғандай болдық.Оның қайсар болмысы - нағыз батырларша ел тағдырын өз тағдырынан биік қоя білген оны 19 жасар бозбала Садықтан батыр Садыққа айналдырған еді. Оның ерлігі ұлы құбылыспен қатар тарихи таныммен  рухани тағылымның баға жетпес биігі. Ал жүріп өткен жолдары, өмірі, қызметі, жеке басының адами келбеті, қасиетті істерге шақырудың, жігерлендіру мен рухтандырудың жаршысы. Жай тобыр емес, ұлт болып ұйысқан елдің ерлері міне, осындай болмақ. Себебі Садық ағаның  бейнесі - Батыр болып көрінудің емес, батырлықтың үлгісі.

2004 жылы 30 шілдеде дүниеден өткен ағаның Арыстандай айбаты - ерліктің белгісі, қырандай қырағылы - қорғаудың үлгісі  болып қала бермек.

Жақсының жалғасы артында өмірін жалғастырып, еңбегі мен ерлігін дәріптейтін ұлы - Бауыржан мен немересі Тимур бар.

«Елім дейтін ер болса, ерім дейтін елі бар» дегендей батырды мәңгі есте сақтау мақсатында 2005 жылы 7 мамырда Алматы қаласында Садық Әбдіжаббаровқа салтанатты түрде «Мемориалдық ескерткіш тақтасы» ашылды.                                                                                               

 

                               

 

    ҚР ҰҚК қызметкері

подполковник Ш.Алмаханова

Дата публикации: 03.10.2019