Сенім телефоны
Телефон доверия
110
Телефон доверия
110
Сенім телефоны
Мәзір
X
Геннадий Яковлевич Никитин

Геннадий Яковлевич Никитин

 

 КСРО МҚК мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері, Ұлы Отан соғысына қатысушы полковник Никитин Геннадий Яковлевич 1927 жылы дүниеге келген. 1944 жылы он жеті жасар комсомол ретінде ерікті түрде Қызыл Армия қатарына кіреді. Қызметін авиацияда өткереді, одан 1945 жылы КСРО мемлекеттік қауіпсіздік органдарына әскери қызметке жіберіліп, онда 1987 жылы отставкаға кеткенге дейін 42 жылдан артық қызмет етеді. Бұрынғы КСР Одағын қорғау бойынша ұрыс операцияларына қатысқан. Ұшқыштар училищесінің курсантынан полковникке дейін, аудандық аппарат жедел уәкілінің көмекшісінен жедел бөлімшелердің бастығына дейінгі жолды жүріп өтеді. Білімі – жоғары, Қазақ мемлекеттік университетін «заңгер-құқықтанушы» мамандығы бойынша бітірген.

 

4

 

1966 жылғы қаңтар мен 1971 жылғы шілде аралығында МҚК Ақтөбе облысы бойынша қарсы барлау бөлімінің бастығы болды. Кейіннен жедел жұмыс тәжірибесі мен талдау қабілеті мол қызметкер ретінде МҚК инспекторлық бөлімшесіне басшы лауазымға тағайындалады. Бірнеше жыл МҚК сыртқы барлау бағыты бойынша Басқарма бастығының орынбасары лауазымын атқарады, онда ел шегінен тыс бірқатар мақсатты маңызды іс-шаралар жүргізеді.

 

2

 

8 жыл бойы 1979 жылғы қазан мен 1987 жылғы қыркүйек аралығында ҚазКСР МҚК Қарсы барлау басқармасының бастығы, республиканың МҚК Алқасының мүшесі болды.

Ол қарсы барлау бағыты бойынша жұмыс істей жүріп, шетел мемлекеттерінің шпиондық әрекеттерінің жолын кесу бойынша күрделі қарсы барлау операцияларын әзірлеу мен жүзеге асыруға жеке өзі қатысты, оның басым  көпшілігі табысты аяқталды. Мысалы, осындай операциялар қатарына КСРО-ға жеке сапар арнасы бойынша жіберілген батыс барлауының бірінің агентін анықтап, әшкерелеу жатады. Геннадий Яковлевич келген азаматтың күдікті мінез-құлқы туралы ақпарат алады. Ол ешқайда жұмыс істемейді, әскери, өнеркәсіп объектілері, астананы сумен жабдықтау аймақтары орналасқан орындарда және Алматыда болған шетел барлаушылары тарапынан бұрын қызығушылық байқалған басқа да орындарда кезең-кезеңімен пайда болып отырған. Қарсы барлау жүргізген іс-шаралар кешені нәтижесінде осы адамның шетелде жүріп, жасырын пәтерде тұрғаны туралы деректер іздеп табылды. Одан құпия жазу құралдары және жедел назар аударуға тұратын басқа да материалдар анықталып, мемлекеттік қауіпсіздік органдарына шетелдіктің шпиондық әрекетінің жолын кесуге және елдің мемлекеттік қауіпсіздігі мүддесіндегі басқа да мәселелерді шешуге мүмкіндік берді.

 

3

 

Геннадий Яковлевич 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі Қызыл Жұлдыз орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, «Мемлекеттік шекараны қорғауда көзге түскені үшін» медалімен және бұрынғы КСРО-ның басқа да көптеген медальдарымен, КСРО мен Қазақ КСР МҚК грамоталарымен наградталған. 1970 жылы жұмыста қол жеткізген оң нәтижелері үшін «КСРО мемлекеттік қауіпсіздігінің құрметті қызметкері» кеуде белгісімен наградталды, ал 1993 жылғы маусымда «Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің  құрметті қызметкері» атағына ие болды.

Бай жедел жұмыс тәжірибесі, күрделі жедел міндеттерді шешудегі табандылығы мен принципшілдігі, жоғары адамгершілігі, кәсіпқойлығы, біліктілігі, жақсы ұйымдастырушылық қабілеттері, еңбексүйгіштігі, туындайтын жедел мәселелерді шешуге шығармашылық тұрғыдан қарауы, оларды орындау үшін барлық жауапкершілікті өзіне ала білуі, барлық жағдайдағы: тұрмыстағы, мінез-құлқындағы, қарым-қатынастағы қарапайымдылығы мен әдептілігі, адамдарға деген ерекше ықыласы Геннадий Яковлевичті еңбек еткен ұжымдарда зор беделге бөледі. Қазақстан Республикасы ҰҚК қызметкерлерінің көпшілігі бүгінгі күні онымен бірге жұмыс істегенін жылылықпен еске алып, оны өз тәлімгері деп санайды.

1987 жылы құрметті демалысқа шыққаннан кейін де ол жас қызметкерлеге өз тәжірибесі мен білімін беруді жалғастырады. Қазақстан Республикасы ҰҚК Ардагерлер ұйымы кеңесінің мүшесі бола жүріп, МҚК – ҰҚК органдарының әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелерінің зейнетақыларын тағайындау және қайта есептеу бойынша жұмысқа белсене араласады, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдары зейнеткерлерінің мүдделерін қозғайтын құжаттар мен ҚР ҰҚК қаржы-жоспарлау қызметі бойынша басқа да нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге белсене қатысады. Осы арқылы тағы да жоғары азаматтық ұстанымы танылады. 

Геннадий Яковлевич – үлгі тұтарлық отағасы болды. Жұбайы екеуі қыз тәрбиелеп өсірді, ол дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, ал немересі – медицина ғылымдарының кандидаты.

 

Дата публикации: 13.01.2020