Телефон доверия
110
Сенім телефоны
Телефон доверия
110
Сенім телефоны

css for mob ver looking good

Мәзір
X
Тұрғын үймен қамтамасыз ету

Тұрғын үймен қамтамасыз ету

2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұлттық қауіпсіздік органдарының (бұдан әрі – ҰҚО) қызметкерлері мен әскери қызметшілерін тұрғын үймен қамтамасыз ету тәртібі екі модельге бөлінді.

Бұл тұрғын үй төлемдері арқылы қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету моделі және тиісінше тұрғын үй жалдағаны үшін қаржылай өтемақы арқылы әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету моделі.

Қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету моделі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі –  Заң) және ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 28 желтоқсандағы № 1727 Қаулысымен бекітілген және тұрғын үй төлемдері туралы қағидаларымен реттеледі.

Аталған модель тиісті тұрғын үйді сатып алу үшін және арендаға алу үшін екінші деңгейлі банктерде ашқан жинақтаушы шот көмегімен ақшалай қаражат түріндегі қызметкерлерге берілетін тұрғын үй төлемдерін қарастырады.

Аталған төлемдер мемлекеттік бюджет есебінен тұрғын үйге мұқтаж қызметкерге берілетін тұрғын үйдің орнына беріледі. Тұрғын үй төлемінің көлемі тұрғын үйдің бір шаршы метрін Қазақстан Республикасының тиісті өңіріндегі тұрғын үйдің алаңына көбейту жолымен анықталады. Отбасының әрбір мүшесіне пайдалы алаңның он сегіз шаршы метрін есептеу арқылы тұрғын үйдің алаңы есептеледі.

Тұрғын үй төлемдері ағымдағы және біржолғы болып екіге бөлінеді.

Ағымдағы тұрғын үй төлемдері дегеніміз – тұрғын үйге мұқтаж деп танылған қызметкерге ай сайын төленетін тұрғын үй төлемі;

біржолғы тұрғын үй төлемдері – Заңның 101-1-бабының 5, 6 және 7-тармақтарында көрсетілгендей есептелетін біржолғы сипаттағы төлемдер;

Оның ішінде, тұрғын үйге мұқтаж 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген, осы кезеңге дейін 10 және одан да көп жыл әскери қызмет өтілі бар қызметкерлерге, егер оларды тұрғын үйге мұқтаж деп танылған күннен бастап біржолғы тұрғын үй төлемдерін алу құқы беріледі.

Қызметкер өз кезегінде 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әскери қызмет өтілі 10 жылдан аз болса, қызметтен шығарылған кездегі мерзімінің айырмашылығы шегеріле отырып, барлық өткерген қызмет жылдары үшін мұқтаж деп танылған күннен бастап біржолғы тұрғын үй төлемдерін алу құқы беріледі.

Қызметкерлер өзінің арнайы шотындағы қаржысын, яғни, ағымдағы және біржолғы тұрғын үй төлемдерін белгіленген заңдылық тәртіппен тіркелген тиісті келісімшарттардың негізінде, мынадай мақсатта қолдануларына болады (Заңның 101-4 бабы):

1) тұрғынжайды және ипотекалық несиені (қарыз) қолдана отырып тұрғын жайларды жекеменшігіне ала алады;

2) тұрғын үйді жалға алу немесе тұрғын үйді соңынан сатып алуымен жалға алу ақысын төлеу үшін қаражатты қолдану;

3) бұрын алынған ипотекалық несиені (қарызды) өтеу үшін қаржыны қолдану;

4) тұрғын үй құрылысына үлескерлікпен қатысқан жағдайда жарнаны төлеу үшін қаржыны қолдану;

5) жекеменшік тұрғын үй кооперативіне қатысқан жағдайда жарнаны төлеу үшін қаржы-қаражатты қолдану;

6) қаражатты тұрғын үй құрылысының жинақтаушысы ретінде жинақтаушы қорды толтыру үшін қолдану;

7) қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін қолдану.

Бұдан бөлек, тұрғын үй төлемақысын алуға құқылы қызметкерлер мынаған құқылы (Заңның 101-5 бабы):

1) жыл сайын оның жеке шотына аударылған қаражат туралы мәліметті өзі қызмет атқаратын арнаулы мемлекеттік органнан талап ету;

2) жеке арнайы шотта пайдаланылмаған тұрғын үй төлемдерінің сомаларын жинақтауға;

3) тұрғын үй төлемдерін олардың мақсаты бойынша қайда қызмет өткеріп жатқанына қарамастан, Қазақстан Республикасының кез келген өңірінде пайдалануға;

4) мекеме мен банктің келісімімен тұрғын үй төлемдерінің пайдаланылмаған сомаларын осы шартқа қосымша келісім жасау арқылы екінші деңгейлі бір банктен басқасына аударуға құқылы.

 Тұрғын үй төлемақыларын алу мақсатында қызметкердің отбасы мүшелері үш санатқа бөлінеді, атап айтқанда (Заңның 101-9 бабы):

1) жұбайы немесе әйелі;

2) кәмелеттік жасқа толмаған балалары;

3) он сегіз жасқа толғанға дейін мүгедек болған он сегізден асқан балалары жатады.

Тұрғын үй төлемдерін алушылар болып табылатын арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің міндеттері (Заңның 101-6 бабы):

1) отбасы құрамы өзгерген кезде бұл туралы азаматтық хал актілерінде тіркелген және әділет органдарынан тиісті куәлік алған күннен бастап 10 күннен аспайтын мерзімде қызмет өткеріп жатқан арнаулы мемлекеттік органды хабардар етуге;

2) тұрғын үйге мұқтаж мәртебесінен айырылған, сондай-ақ осы Заңның 101-4-бабының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғын үйді жалдау ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемелерді орындаған кезде бұл туралы қызмет өткеріп жатқан арнаулы мемлекеттік органды тұрғын үйге мұқтаж мәртебесінен айырылған және осы міндеттемелер орындалған күннен бастап он күннен аспайтын мерзімде хабардар етуге;

3) оларды арнаулы мемлекеттік орган, арнаулы мемлекеттік органның қызметкері мен арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің жеке арнайы шоты ашылған екінші деңгейдегі банк арасында жасалған шартқа сәйкес осы Заңның 101-4-бабында көзделген мақсаттарға бағыттауға міндетті.

Тұрғын үй төлемдерін тағайындау және тұрғын үйге мұқтаж деп тану үшін қызметкер қызмет өткеретін орны бойынша мекеменің тұрғын үй комиссиясына баянат және оны растайтын құжаттарды ұсынады, Қағиданың 21-тармағында көрсетілген:

Қызметкердің жазбаша өтініші (баянат) тіркелгеннен кейін мекеменің кадрлық бөлімшесі он жұмыс күні ішінде қарап және материалдарды тұрғын үй комиссиясының кезекті мәжілісіне дайындайды, мәжіліс тоқсанына жоқ дегенде бір рет өткізіледі, қажеттілік туындаған жағдайда айына бір рет өткізіледі.

Мекеменің тұрғын үй комиссиясы қызметкердің тұрғын үйге мұқтаж екендігі туралы, оған тұрғын үй төлемін төлеу туралы немесе тұрғын үйге мұқтаж деп танудың негізі жоқ екендігі туралы шешім шығарады, шешім мекеменің тұрғын үй комиссиясының хаттамасымен ресімделеді.

Қызметкер Заңның 69 және 70-баптарының талаптарына сәйкес келмеген, Заңның 72-бабында белгіленген негіздемелер болған және (немесе) олар Қағидалардың 21-тармағында айқындалған қажетті құжаттарды ұсынбаған жағдайда тұрғын үй комиссиясы қызметкерді тұрғын үйге мұқтаж деп танудан бас тарту туралы шешім шығарады және оған берілген құжаттары қайтарылады.

Жекешелендіруге өтініш берген кезге дейін соңғы бес жыл ішінде өздеріне меншік құқығында тиесілі болған тұрғынжайды иеліктен шығарса, олар мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды жекешелендіре алмайды.

Яғни, қызмет орны бойынша қызметкердің жекеменшік құқығындағы тұрғын үйінің болмауы немесе тұрғын үйдің иеліктен шығарылғандығына бес жылдың өткендігі, сондай-ақ берілу нормасына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйдің болмауы қызметкерді тұрғын үй төлемін алушы деп тану үшін негізгі критерий болып табылады.  

Тұрғын үй комиссиясының оңды шешімінің негізінде мекеменің кадрлық бөлімшесі тұрғын үй төлемін алатындардың тізімін құрастырады, ал мекеменің қаржы бөлімшесі өз кезегінде тұрғын үй төлемін алатындардың сомасының есебін дайындайды. 

Тұрғын үй төлемін алатындардың тізімі мен сомасының есебі мекеменің бірінші басшысының бұйрығымен бекітіледі.

Бұйрық шыққаннан кейін, мекеменің кадр бөлімшесі әрбір қызметкердің банкке тапсыратын анықтамасын және жеке ісін дайындайды, мекеменің қаржы бөлімшесі тиісті төлемдерді беруді жүзеге асырады.

Ағымдағы тұрғын үй төлемін қайта есептеу былайша жүргізіледі:

1) отбасы құрамы өзгергенде;

2) басқа өңірге көшіп баруына байланысты қызмет орны өзгерген кезде;

3) қызметкердің мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған тұрғын үйін немесе жергілікті атқарушы органның жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған, бірақ пайдалы алаңы Заңның 101-4 бабының 1-тармағына сәйкес алаң нормаларына сай келмеген тұрғынжайы (ұсынылған) қайтарылғанда. 

Тұрғын үй төлемдері тұрғын үй комиссиясының қорытындысы және қызметкердің жазбаша өтінішінің (баянат) негізінде шығарылған мекеме басшысы бұйрығының негізінде қайта есептеледі.

Қызметкер қызметін одан әрі өткеру үшін басқа өңірге ауысқан жағдайда, егер Заңның 101-4-бабының 1), 3), 4) және  5) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алынатын тұрғын үйдің жалға алу төлемдері үшін онымен тиісті шарт жасалса, ағымдағы тұрғын үй төлемдерінің көлемі қызмет атқарған бастапқы өңір бойынша сақталады.

Тұрғын үй төлемдері мекеменің бірінші басшысының бұйрығына сәйкес мынадай мерзімдерде:

жеке құрам тізімдерінен шығарылған күннен бастап;

қызметкерлер Заңның 101-4-бабының 1), 3), 4), 5) немесе 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алынатын тұрғын үйдің жалға алу төлемдері үшін жасалған шарт бойынша міндеттемені орындамаған жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері тұрғын үйге мұқтаж мәртебесінен айырылған күннен бастап;

қаза табуына немесе қайтыс болуына, заңда белгіленген тәртіппен хабар-ошарсыз кеткен деп танылуына немесе қайтыс болған деп жариялануына байланысты қызметкерді жеке құрам тізімдерінен шығарылған күннен бастап тоқтатылады.     

ҰҚО әскери қызметшілерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі бойынша.

Ұлттық қауіпсіздік органдарының (ҰҚО) әскери қызметшілері, атап айтқанда, Шекара қызметінің, әскери қарсы барлау және әскери полицияның әскери қызметшілері 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының және Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 тамыздағы № 1091 Қаулысына сәйкес тұрғын үйсмен қамтамасыз етіледі.

Аталған Қағидаларға сәйкес әскери қызметшілер екі санатқа бөлінген:

1-санат 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 10 және одан да көп жыл әскери қызмет өтілі бар әскери қызметкерлер. Аталған санаттағы әскери қызметшілер ҚР заңдылықтарына сәйкес қызметтік тұрғын үй алуға және оны жекешелендіруге құқылы.

Атап айтқанда, 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша күнтізбелік есептеумен он бес және одан да көп жыл әскери қызметте тұрған әскери қызметшілер қызметтік тұрғын үйді алуына және оны күнтізбелік есептеумен жиырма жыл әскери қызмет атқарғаннан кейін тегін жекешелендіруге құқылы. Сондай-ақ, 2013 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша күнтізбелік есептеумен әскери қызметте он бес жылдан кем қызмет атқарған әскери қызметшілер тұрғын үйді алуына және оны қызмет мерзіміне қарамастан қалдық құны бойынша жекешелендіруге құқысы бар.   

2-санат  2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 10 жылдан кем қызмет өтілі бар әскери қызметшілерге тұрғын үй жекешелендіру құқығынсыз немесе тұрғын үйді жалдағаны (аренда)  үшін берілетін мақсатты өтемақымен қамтамасыз етілгенге дейін беріледі.

Тұрғын жайды жалдағаны (аренда) үшін мақсатты өтемақы – қызметтік тұрғын жаймен қамтамасыз етілгенге дейін тұрғынжайға мұқтаждар тізімінде тұрған әскери қызметшіге төленетін ақшалай қаражат.

Өтемақының шекті мөлшері әскери қызметші әскери қызмет өткеретін жері бойынша елді мекенде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери қызметші отбасы мүшелерінің санын тиесілі пайдалы алаңының (18 шаршы метр) және жайлы тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалға алу (жалдау) орташа құнының нормаларына көбейту жолымен, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес (облыстық статистика уәкілетті органдарының деректерімен бағамдалады), елді мекен бойынша әскери қызметшінің жалға алу (аренда) орны арқылы айқындалады.

Ақшалай мақсатты өтемақы алуға қатысты әскери қызметшінің отбасы мүшелері:

әскери қызметшімен тұрақты бірге тұратын, зайыбы (жұбайы, ерлі-зайыптылардың ортақ немесе олардың біреуінің кәмелетке толмаған (асырап алған, асырауындағы немесе қамқорлығындағы) балалары, жиырма үш жасқа толмаған, күндізгі оқу нысаны бойынша білім беру ұйымдарында оқитын (асырап алған, асырауындағы немесе қамқорлығындағы) балалары және жұбайының (зайыбының) балалары; он сегіз жасқа дейін мүгедек болған балалары (асырап алған, асырауындағы немесе қамқорлығындағы) және жұбайының (зайыбының) мүгедек балалары; әскери қызметшінің асырауындағы ата-аналары.

Атап өту қажет, аталған санаттағы әскери қызметшілер қызметтен шығарылған кезде жиырма айлық көлеміндегі ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі, егер олар әскери қызметте күнтізбелік 20 жылдан 30 жылға дейін, ал күнтізбелік 30 жылдан жоғары әскери өтілі болса отыз айлық көлеміндегі ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйлерді жекешелендіруге қатысты.

Атап өту керек,  аталған тәртіп Заңның 13, 101 және 109 баптарымен және ҚР Үкіметінің  2013 жылғы 5 маусымдағы №673 қаулысымен бекітілген мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру қағидаларымен реттеледі.

Заңның 101 бабының 4-тармағына сәйкес әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері қызмет өткерген кезеңде сол елді мекенде қызметтік тұрғын үйге теңестірілген тұрғынжай берілген әскери қызметтегі он жыл қызмет өтілінен кейін, ал еңбек сіңірген жылдары, сырқаты немесе штаттың қысқаруы бойынша қызметтен шығарылған кезде – қызмет мерзіміне қарамастан оны жекешелендіруге (әскери қалашықтардағы, шекаралық заставалардағы және өзге де жабық объектілердегі тұрғынжайларды қоспағанда) құқылы.

Мұндай тұрғынжайларды оның жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекаралық заставаларда орналасуының салдарынан жекешелендіру мүмкін болмаған жағдайларда, жекешелендіру құқығы басқа жерлерден сатып алу (салу) үшін тиісті тұрғынжайдың құнымен өтеледі.

Күнтізбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек сіңірген әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері тұрғын үй-жайды өтеусіз жекешелендіруге құқылы.

Бұдан басқа,  Заңның 13-бабы, 9-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір тұрғынжайды ғана жекешелендіруге құқылы.

ҰҚК қызметкерінің мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтерді жекешелендірген жағдайда жекешелендіру құқы жүзеге асырылды деп есептеледі. Қазақстан Республикасының заңдылықтары жекешелендіруді қайталауға құқық бермейді.

Атап өту керек, ағымдағы жылдың 11 қаңтарында «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына бірқатар өзгерістер енгізіліп,  тұрғын жайды жекешелендіру құқығын іске асырудан бас тартуы үшін негіз болған тізімнен тұрғынжайды купондық тетік арқылы жекешелендіру алынып тасталды.  

Сонымен бірге, жекешелендіруге рұқсат беруге қатысты қосымша шектеулер қойылды, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы аумағында тұрғын үй жоқ болуы міндетті, соның ішінде ипотекалық несие, сондай-ақ  соңғы бес жыл ішінде өздеріне меншік құқығында тиесілі болған тұрғынжайды иеліктен шығарған жағдайда. Бұл ретте тұрғынжайда елу пайыздан кем үлесінің болуы есепке алынбайды.

Бұған қоса, аталған модельдерді енгізуде жекелеген құқықтық қайшылықтар анықталды.

Арнаулы мемлекеттік органдар жүйесінде біржолғы тұрғын үй төлемдерін алуға құқық беретін арнаулы қызмет органдарының 10 ай мерзімді еңбек сіңірген жылдарына есептеу, сондай-ақ біржолғы тұрғын үй төлемдерін есептеу алғашқы баянат берген уақыттан бері тұрғын үй заңдылықтарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бірқатар мәселелер шешілді.

Дегенмен, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына және қосымша заңдылық актілерге  түзетулер енгізу арқылы реттеуді қажет ететін сұрақтар бар. Соның ішінде, тұрғын үйге мұқтаж деп танылған қызметкерлер бойынша, қызмет өткерген тұрғылықты жерінен ипотекалық несиемен 2013 жылға дейін пәтер алған  қызметкерлерді; алғаш рет 2013 жылғы 1 қаңтардан кейін келісімшартқа отырған сержант шеніндегі, соңғы бес жыл ішінде өздеріне меншік құқығында тиесілі болған тұрғынжайды иеліктен шығарған қызметкерлер және т.б. Бұдан басқа, әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету моделін пайдалануға қатысты мәселелер бар.

Қазіргі уақытта тұрғынжаймен қамтамасыз ету саласында қолданыстағы құқықтық жүйені жетілдіру бойынша ҰҚК басшылығы қосымша шаралар  қабылдауда.

Негізгі нормативті-құқықтық актілер

-       «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi № 94 Заңы;

-       «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 ақпандағы № 552-IV Заңы;

-       «Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысы;

-       «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарының қызметтік тұрғын жайларын құру және беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы № 1602 Қаулысы;

-       «Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 тамыздағы №1091 Қаулысы;

-       «Жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде оның жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставалары мен комендатураларда орналасуы салдарынан қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығын өтеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 тамыздағы № 1092 Қаулысы;

«Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 тамыздағы №1091 қаулысының 4-тармағына сәйкес әскери қызметші есепке қою туралы баянатты тұрғын үй комиссиясы төрағасының атына береді және ол қызмет өткеріп жүрген құрылымдық бөлімшеде тіркеледі.

Баянатқа қосымша:

1)  отбасы құрамы туралы анықтама;

2)  қызмет орнынан анықтама;

3)  баянат берген күнге дейін күнтізбелік 10 күн бұрын алынған әскери қызметші мен оның отбасы мүшелерінің осы елді мекенде меншік құқығында тұрғын үйінің болмауы (болуы) туралы анықтама (анықтама әскери қызметшілерге жыл сайын беріледі);

4)  қызметтік тізім;

5)  бұрынғы қызмет орны бойынша қызметтік тұрғын үйді тапсыру туралы анықтама;

6)  әскери қызметші мен оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың, балаларының туу туралы куәліктерінің және неке (некені бұзу) туралы куәліктің нотариалды расталған көшірмелері, әскери қызметшінің отбасы мүшелері бар болған кезде (баянат берген күнге дейін 10 күн бұрын);

7)  отбасында Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін науқастанулар тізімінде аталған кейбір созылмалы сырқаттардың ауыр түрлерімен ауыратын мүшелердің бар болуы туралы мемлекеттік денсаулық сақтау мекемесінің анықтамасы қоса беріледі;

8)  жиырма үш жасқа дейінгі күндізгі оқу түрінде оқитын білім ұйымынан анықтама;

9)  мүгедек тобы бойынша он сегіз жасқа толмаған отбасында мүгедек бала бар болса халықты әлеуметтік қорғау мемлекеттік мекемесінен мүгедек туралы анықтама;

10) балалардың құқығын қорғау саласындағы уәкілетті органнан кәмелетке толмаған қамқорлығында және қамқорлық ету туралы анықтама;

11) әскери қызметшінің отбасы мүшесінде оларды тану туралы соттың шешімі.

«Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарының қызметтік тұрғын жайларын құру және беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы № 1602 қаулысының 11-тармағына сәйкес есепке қою үшін қызметкерлер және жұмыскерлер АрМО мемлекеттік мекемесінің тұрғын үй комиссиясы төрағасының атына есепке қою туралы баянат ұсынады.

Баянатқа қосымша:

1)  АрМО кадр бөлімшесінен отбасы құрамы, жеке деректері және олардың отбасы мүшелері, нақты тұрғылықты мекенжайы туралы мәліметтері бар анықтама және қызмет (жұмыс) өтілі туралы анықтама;

2)  мекенжай бюросының анықтамасы;

3)  аумақтық әділет органының анықтамасын (өтініш берушінің және онымен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерінің сол өңірде оларға меншік құқығында тиесілі тұрғын жайының болмауы туралы);

4)  жергілікті атқарушы органның анықтамасын (өтініш берушінің және онымен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерінің коммуналдық тұрғын үй қорынан сол өңірде тұрақты пайдаланатын тұрғын жайының болмауы туралы) ұсынады.

Қажет болған жағдайда өтініш беруші денсаулық сақтау мемлекеттік мекемесінен қосымша:

- қосымша тұрғын бөлмеге құқық беретін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен аурулар тізімінде көрсетілген кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен сырқаттанатын отбасы мүшелерінің болуы туралы анықтама;

-  отбасында жиырма екі аптадан артық жүктілігі бар әйелдің болуы туралы анықтама ұсынады.

«Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысының 14-тармағына сәйкес қызметкер (әскери қызметкер, зейнеткер) ҰҚК Төрағасының атына баянат (өтініш) жолдайды.

Баянатқа қосымша:

1)  өздері тұратын үй-жайларын жекешелендіруге жалдаушының кәмелетке толған барлық отбасы мүшелерi қол қойған өтініш;

2)  өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке куәліктерінің не паспорттарының көшірмелері;

3)  некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, балалардың тууы туралы (қажеттілігіне қарай) куәліктердің көшірмелері;

4)  жалдау (жалға алу) шартын не тұрғын үй ордерінің көшірмелері;

5)  аумақтық әділет органының анықтамасы (өтініш берушіде және онымен тұрақты тұратын отбасы мүшелерінде Қазақстан Республикасы бойынша меншік құқығында оларға тиесілі тұрғын үйдің жоқ немесе бар екендігі туралы);

6)  анықтама бюросының немесе ауылдық округ әкімінің тиісті елді мекенде тұратынын растайтын анықтамасы;

7)  өтініш берушінің отбасы мүшелері деп басқа адамдар танылған жағдайда алғашқысы оларды өтініш берушінің отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімін ұсынады;

8)  халықтың әлеуметтiк осал топтарына жататын азаматтар қосымша өтініш берушінің (отбасының) халықтың әлеуметтiк осал топтарына жататынын растайтын құжат;

9)  мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, судьялар және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар жұмыс орнынан (қызметтен) анықтаманы не қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін қосымша ұсынады. Ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер Қазақстан Республикасының Үкіметі беретін мәртебесін растайтын құжаттарды ұсынады;

10) тұрғын үйді жалдау шарты бойынша берешегі жоқтығын растайтын құжат;

11) осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес жекешелендірген жағдайда – мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жеке меншікке өтеусіз алуға құқығы бар азаматтардың санатына жататындығын растайтын құжат.

 

Қызметкерлердің байланыс телефондары:

О.А. Керімқұлова – 76-16-45;

Г.Х. Шанина – 76-16-45.

Дата публикации: 05.05.2017