Сенім телефоны
Телефон доверия
110
Телефон доверия
110
Сенім телефоны
Мәзір
X
Мұхтар жеткен биіктік

Өмірде ел сүйсінер тірлік жасаса да, «мен жақсымын» деп мақтанбайтын адамдар болады. Егер қолына қалам ұстаған әріптесім туралы айтсам, онда оған «аз жазса да, саз жазатын» қаламгер» деп қосып қойғым келеді. Мұхтар Анарбек дегенде, оқырмандардың ойына оның «Қызыл алма» атты шағын әңгімесі оралады. Бала тілімен жазылған туындысы 1981 жылы сол кездегі «Қазақстан пионері» газетіне жарияланды. Содан кейін-ақ мектеп оқушысының шынайы сезімге толы шығармалары аудандық «Алғабас», облыстық «Оңтүстік Қазақстан», республикалық «Жас алаш», «Ақ желкен», «Жұлдыз», «Жалын», «Зерде» секілді басылымдарда көріне бастады.

«Әдемі қыздың тағдыры» повесі «Жұлдыз» журналында жа­рияланып, оқырманнан жылы бағасын алды. Студенттік шақ, жастар өмірінен мөлдіретіп жазған хикаяты ешкімді де бей-жай қал­дырмағаны анық. Шығарма желісі бойынша фильм түсіруге ұсы­ныс­тар да жасалды. Әттең, осы идея­ның жүзеге аспай, тек ұсыныс күйінде қалғандығы өкінішті. Бірақ бір қуанарлығы, Қазақстан Жазушылар одағының ұсынуымен осы шығармасы арқылы Мұхтар Анарбек 1998 жылы Қазақстан Рес­­публикасы Президенті стипен­дия­сының лауреаты атанды. Рес­публикалық «Жалын» журна­лынан бастау алған «Отынбай» шы­ғармасы Мұхтарды ауыл тақы­рыбына арналған әңгімелер жазуға итермеледі. Жеті қазынаның бірі саналатын құмай тазының өмірі туралы жазылған «Ұшар», қолына жылан ұстап, дүние есігін ашқан ауыл баласы жайлы «Жы­ланбай», тағдыр тәлкегіне түссе де адам­гершілік бейнесін жоғалтпаған ерекше жанның өмірінен сыр шертетін «Қайыршы» секілді және тағы да басқа «Ит емген бала», «Аңшының тағдыры», «Өрмекші» секілді әңгіме-повестері жоғарыда айтқан ойымызды дәлелдей түседі. «Жас алаш» газетінде жарияланған «Замандастар» әңгімесінің (трип­тих) қырғыз тіліне аударылып, ондағы республикалық басылым­дарда жариялануы да Мұхтар шы­ғармашылығының қуатты қары­мын көрсетсе керек.
Оның детектив жанрындағы шығармалары да атап өтуге тұрар­лық. Алғаш рет «Алматы ақшамы» газетінде жарияланған «Сұр жыланның уы» атты әңгімесі оның шытырман оқиғалар әлеміндегі қолтаңбасын қалыптастырды. Осыдан кейін-ақ автордың «Про­фессордың ажалы», «Шатырдағы оқиға», «Қолшам ұстаған қарақ­шылар», «Қабірден оянған адам», «Үрей билеген үй» секілді көптеген әңгіме-повестері дүниеге келді. Осылайша, ол негізін жазушылар Кемел Тоқаев қалаған, ал Жұмабек Еділбаев жалғастырған қазақ детективінің көшін әрі қарай жалғастыруға үлес қосты. Осындай еңбегінің арқа­сында кітап сөресіне «Қонақүйдің құпиясы», «Ком­мерсанттың қа­засы», «Шым­кент­тегі шырғалаң» атты туын­дылары келді. Әрине, әскери қызметте жүр­ген адамның қолы тие бермей­тіндігі де белгілі, бірақ қолы босай қалса, Мұхтар уақытын сәтті шы­ғар­­машылығына арнауға тырысады.
Осы орайда Мұхтардың жур­налистік қырын да ерекше атап өт­кен орынды. «Қазақстан пио­нері» газетінің 1982 жылғы 25 нау­рыз айындағы нөмерінде жария­ланған «Көңіл қуанышы» деген шағын мақала, оның соңына қойылған «Мұхтар Анарбеков, 6-класс оқушысы, Шаян селосы Шымкент облысы» деген қол­таңбасы қазақ журналистикасының қатарына тағы бір журналистің қосылғандығын паш етті. Әрине, оның журналист болып қалыпта­суына белгілі тұлғалардың да қосқан үлесі зор деп білеміз. «Бізге жолдаған мақалаңды пайдала­нудың сәті түспеді. Бірақ оған ренжіме. Қаламың ұштала берсін. Алдағы уақытта сенен жақсы тілші шығатындығына сенімдіміз» деген «Лениншіл жастан», «Қазақстан пионерінен», «Оңтүстік Қазақ­стан», «Алғабас» газеттерінен ке­летін қызыл жолақты конверт­тердің соңында белгілі жур­на­лист-жазушылар Уәлихан Калижан, Жанболат Аупбаев, Сапарбай Парманқұлов, Дүрәлі Дүйсебаев, Қонысбек Ботбаев, Алма Үмбетова, Алпысбай Шы­мыр­баев, Болатбек Орманов, Коммунар Табеев, Сәбит Дүйсен­биев, Раушан Имашева, Төрегелді Байтасов, Серікбай Дәулетбаев, Елтай Дәуменов, Бағдат Қалаубаев, Серік Сапаров, Теңіз Қоршабаев, Мұқатай Батырханов, Күләш Бай­далина, Жарылқасын Дәуле­тов, Талғат Орманов сынды тағы да басқа журналистердің қолтаңбасы тұратындығы оның жүрегіне мәң­гілік жазылып қалды. Әсіресе, 1985 жылы «Лениншіл жас» газетінің Бүкіләлемдік жастар фестивалі қарсаңында ұйымдастырған бай­қауы ерекше есінде. Осы байқау­дың қорытындысы бойынша ол жеңімпаз деп танылып, көп ұзамай оған Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне жол­дама берілді. Өкінішке қарай, бұл кезде Қазақ мемлекеттік универ­ситетіне құжаттарын тапсырып, шы­ғармашылық байқаудан өтіп қой­ғандықтан, Мәскеуге барудан бас тартты.
Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университетінің жур­налистика факультетіне түсісімен-ақ, Мұхтардың әрі студенттік, әрі шығармашылық жылдары бастал­ды. Бұрын аты-жөндерін тек басы­лым беттерінен, көгілдір экраннан ғана көріп жүрген қаламгерлермен, журналистермен тікелей қарым-қатынас жасау оның шабытына шабыт қосты. Университеттің «Қазақ университеті» газетіне, қа­лалық «Өркен» апталығына бел­сен­ді тілші болды. Студенттер өмі­рі­нің түйінді мәселелерін кө­теріп, қызықты сәттерінен мақалалар жазды. Бірінші курсты бітірер-бітір­местен азаматтық борышын өтеу үшін Кеңес әскерінің қата­рына шақырылды. Онда жүргенде де қолынан қаламын тастамады. Беларусьта шығатын «Наша дивизия», Балтық жағалауы әскери округының «За Родину» газеттеріне әскери-жауынгерлік қызмет ту­ралы жазған мақалалары кеңінен көрініс тауып жатты. Әскерден оралысымен-ақ, студент Мұхтар «Пионер» журналына хат тіркеуші, корректор болып жұмысқа ор­наласты. Белгілі ақын Фариза Оңғарсынованың журналистік мектебінен өтудің сәті түсті. Сол кез туралы Мұхтардың өзі «Бұған дейін ақын ретінде біліп келген Фариза апайды мен осы кезде журналистік қырынан таныдым. «Шеңберден шығу керек» деп жиі айтып отыратын. Шеңберден шығып жазған мақалаларымыз ол кісіге ұнайтын. Әсіресе, «Ласковый майдағы» қазақ баласы» деген ма­қа­лам сол кісінің тікелей нұс­қа­уы­мен жазылып еді. Ол мақала кейін­нен «Лениншіл жас» газе­тінен бастап, бірқатар басылым­дарда кө­шіріліп басылды» деп еске ала­ды. Фариза апай да балалар тақы­рыбына терең көңіл бөлетін. Бола­шақ жас журналистерді тартып, журналдың бойына жаңашылдық әкелуге тырысатын. Белгілі ақын­ның қолдауымен Мұхтар ұйымдас­тырған «Шыншылбектің жұмбағы» атты байқауы жасөспірім оқушы­лар арасында кеңінен таралды. Отыз жасында ғылым докторы атанған атақты математик Асқар Жұмаділдаевпен жүргізген «Ғы­лымға барар жол» атты сұхбаты көптеген қазақ балаларына әсер етіп, оларды математика саласына алып келді. Бұл туралы Алматыдағы физика-математика арнаулы мек­тебіне оқуға түскен бір топ қазақ балалары Фариза Оңғарсыновамен кездесу барысында айтқанда, өзі де таңғалды. Болашақ ұрпақты тәр­биелеуде журналистиканың да шын мәнінде, қару екендігін түсінді. Редакция қабырғасында жүріп, көркем әңгіме жазудан да қол үзбеді. Балаларға арналған «Қалада», «Сергелдең» секілді көптеген әңгімелері дүниеге келді. Белгілі ақынның қарамағында қызмет істеген жылдардың әсері болса керек, кейіннен ҚазМУ-дың журналистика факультетіндегі дипломдық жұмысын «Фариза Оңғарсынованың публицисти­касы» деген тақырыпта жазып, ойдағыдай қорғап шықты.
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін журналистік қызмет Мұх­тарды талай биіктерге бастады. «Халық кеңесі» газетінің парла­менттік тілшісі ретінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің сессияларынан шұғыл материалдар жазып, белгілі мемлекет және қо­ғам қайраткерлерімен сұхбат жүр­гізді. Бұл орайда, осы газеттің басшылары Сарбас Ақтаев, Жұма­бек Кенжалин, Жанболат Аупбаев, Самат Ыбыраев секілді ағаларынан журналистік қызметтің нағыз қыр-сырын меңгерді десек, артық айт­қандық емес. Парламенттік тілші ретінде Жоғарғы кеңес комитет­терінің мәжілістеріне қатысып, елді болашақ заң жобаларының талқылану барысымен таныс­тырды. Сонда мынадай бір оқиға есінде сақталып қалыпты. 1992 жылдың қыркүйек айында Алма­тыға статс-хатшы Густав Вебро мырзаның бастауымен Германия Федеративтік Республикасы пар­ла­ментінің Бундесрат делегациясы келді. Делегация мүшелерімен Жо­ғарғы кеңес төрағасының орын­басарлары Қ.Ережепов, З.Федо­това кездескеннен кейін, олар әр сала бойынша бөлініп, солардың бір тобын сол кездегі Жоғарғы ке­ңес комитетінің төрағасы, белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев қабыл­дады. Неміс депутаттарына сөз берілген кезде олардың барлығы бір мезгілде «тыныштық сақта­ңыздар» дегендей столды тоқыл­датып, содан кейін ғана сөздерін бастады. «Әр елдің салты басқа» деген, неміс әріптестерінің бұл қылығы қазақстандық депутаттар үшін ерсі көрінгені бар. Онысымен қоймай, неміс депутаттарының бірі қазақстандық немістердің мә­селесін сөз ете келіп, неміс авто­номиясын ашу қажеттігіне тоқ­талды. Осы кезде Әбіш Кекілбаев шыдамай кетіп, былтырғы жылы Қазақстан Республикасының тә­уелсіздігі туралы консти­ту­циялық заңының қабылдан­ғандығын, Қазақстанның біртұтас мемлекет екендігін және қазақ жерінен неміс автономиясын құру үшін бір сүйем жер бөлінбейтіндігін батыл айтып салды. Неміс депутаты мұндай қа­тал жауап айтылады деп күтпесе керек, тау тұлғалы қазақ депутатын жаңа көргендей таңғала қарады, содан кейін басын шайқап, өзінің риза еместігін білдіргендей болды. Парламенттік тілші ре­тінде қаты­сып отырған Мұхтар­дың сол кезде Әбіш ағаға риза болғаны әлі күнге дейін есінде. Осы туралы өзінің мақаласында кеңінен атап өтті.
Қазіргі уақытта Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарла­масының туған жерге қатысты тұжырымдары халықтың үлкен қолдауына ие болуда. Қазақ халқының алтын бесігі ауыл дейтін болсақ, бұл тақырып Мұхтардың шығармашылығынан бір сәт те түсіп көрген емес. Бұл орайда, журналистің ертеректе жазған «Алыстағы ауылдың азабы көп», «Шаяндағы шаңқай түс», «Шаян­ның жайы қалай?», «Көңілі күпті Қош­қарата» атты одан да басқа мақа­лалары өзі туып-өскен Оңтүс­тік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Қошқарата ауылының әлеу­меттік-тұрмыстық мәселе­леріне арналған. Ауылдағы жол мәселесінің қиындығын, ауыз­судың тапшылығын әрдайым қозғап келеді. Қазір бұл ауылдағы жағдай өзгеріп, жол салынып, халыққа су беріліп, газ тартылып жатса, журналист те оған өзінің үлес қосқандығын сезінеді.
Мемлекеттік тілдің жағдайы туралы да жазып отыру – оның сүйікті тақырыптарының бірі. Сонау 1983 жылы мектеп оқушысы ретінде аудандық «Алғабас» газе­тіне «Ана тілін білмейтін бала» атты жазған мақаласынан бастап, қазіргі уақытқа дейін қазақ тілінің дамуына өз үлесін қосып келеді. Кейіпкеріміз 1992 жылы «Парла­мент мәдениеті» атты мақала жа­зыпты: «Бірақ сегізінші сес­сиядағы бір «әттеген-айлар» ойдан кет­пейді. Жоғарыда мәжіліс залының біршама техникалық құралдармен жабдықталғанын айттық. Олай болса, онда ілеспе аударма да жұмыс істеп тұр деген сөз. Соған қарамастан, қазақ тілін білетін депутаттардың орысша сөйлеуі жанға батады екен. Біле білсек, парламент мәдениеті деген ұғымға тіл мәселесі де кіреді. Айталық, депутаттар «Тіл туралы заңды» қабылдады. Сөйте тұра, өздерінің осы заңды орындамауын қандай мәдениеттілікке жатқызамыз?! Жо­ғарғы кеңесте сөйленбеген тілдің басқа кеңселерде қанат жаюына күмәнім бар. Жоғарғы кеңес сессиясында қазақ тілінде бір ауыз сөз сөйлемеу – қазақтілді депутаттарға үлкен сын болса керек!». Осыдан ширек ғасыр бұ­рын жазылған бұл мақалаға қосып, аларыңыз бар ма? Осы мақаланы қазір де қайталап басуға болады деп санаймыз. Мемлекеттік меке­мелердегі тілдің жағдайы ту­ралы жазған «Қашыңдар, министр келе жатыр», «Министрліктер қа­шан қазақша сөйлейді?» секілді сын мақалалары әлі күнге дейін ма­ңыздылығын жоғалтқан жоқ. Сар­ғайған газет тігінділерінен осын­­дай мақалаларды оқығаннан ке­йін «Қайран, бағы жанбаған қа­зақ тілі» деп күрсінбеске амалың жоқ.
Ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін, өнерін насихаттау да – Мұхтардың негізгі тақырыптарының бірі. Оның «Аға­йынды үш ұста», «Шеберлер ауы­лы», «Ашық аспан астындағы мұра­жай», «Таңбалы тастар» атты тағы да басқа көптеген очерк-ма­қалалары – осы сөзіміздің ай­қын мысалы. Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын азамат осы тақырып­тарды ерінбестен ізденіп жазады. Жолдың алыс-қашықтығына қарамай, сол өнер иесімен кездесіп келеді. Одан кейін ол туралы айналасындағы әріптестеріне аузының суы құрып айтып жүреді де, бір түнде отырып жазып шыға­ды. Осындай очерк-мақалаларын құрастырып, өз алдына жеке кітап етіп шығарса, нұр нұр болар еді.
Журналистика саласындағы еңбегі елеусіз қалмады, оған Қазақстан Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығы берілді.
Бүгінде ердің жасы – елуге то­лып отырған Мұхтар Анарбе­ков­тың жазарынан жазатыны көп деп білеміз. Өмірінің жиырма бес жылын арнаған әскери қызметтегі де табысы да айтарлықтай. Лей­тенант шенінен басталған қызмет жолы полковник дәреже­сіне дейін ұласты. Біз қашанда табыс биігінен көріне беруіне тілектеспіз!

 

 

Жұлдыз ТОЙБЕК, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Дата публикации: 28.10.2017