Сенім телефоны
Телефон доверия
110
Телефон доверия
110
Сенім телефоны
Мәзір
X
ЕСІМІН ЕСТЕ қалдырып... (полковник Ж. Сәпиевтің қызметі туралы мұрағаттық құжаттар негізінде дайындалды)

Шара Алмаханова,

ұлттық қауіпсіздік полковнигі

 

Еліміз тәуелсіздігін жариялаған сәтте саяси еркіндік пен қоғамға кедергі келтірген, қауіпсіздік негізін шайқауды мақсат еткен оқиғалардың орын алғаны құпия емес.

Ғасыр төрінен орын алған 1992 жылы қауіпсіздік саласын түбегейлі қайта құру кезеңінде батыл бастамаларды іске асыру қажет болды. Жедел міндеттерді уақытқа бейімдеу – тәуекелі мол табандылық пен ерекше күш-жігерді талап етті. Осындай қауіпсіздік пен тұтастық мәселесінде қырағылықты күшейтуде зор жауапкершілік танытып қана қоймай, намысты қайрап, шын мәнінде қыруар іс атқарған азаматтар қатарында полковник Жора Сапиев те болған еді.

Ол туралы толғанғанда ойымызға Абай атамыздың: «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына із қалдырған,» - деген даналық сөзі еріксіз оралады. Көздеген белестерді еңсеріп, соңына жақсы істер қалдыра білген тұлғаның қызмет жолы – жастар үшін Отанға мінсіз әрі адал  қызмет етудің жарқын үлгісі.

«Өмір жолыңда кездесетін әрбір қиындық мінез бен қабілетті шыңдайды. Осындай шыңдалудан өткендер ғана кез келген мәселенің шешімін табуға қабілетті. Себебі бұл қасиеттер – биіктерді бағындырудың құралы!» - деген алтын сөздерді әрдайым жылышыраймен айтып отыратын полковник Жора Талқанбайұлы Сәпиев 1999 жылғы 16 сәуірде 42 жасында (1956-1999) дүниеден өтті. Абзал азаматтың өмір дерегін негізге ала отырып, қалыптасу мен дамудың үлгісі ретіндегі жарқын бейнесін еске алып, өз тарапымыздан анасына, жанұясына құрметімізді білдіреміз.   

Орнында бар оңалар дегендей, Жора Талқанбайұлының қызы – Жанар Сәпиева бүгінде әке жолын қуып, қауіпсіздік саласында майор шенінде қызмет етуде. Өмірлік серігі Жасұлан екеуі үш бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.

Ол әкесі туралы толқи былай еске алды: «Бәріміздің өкінішіміз – анамызбен жарасымды өмір кешкен әкеміз балалары мен немерелерінің қызығын көре алмай ерте кеткені. Біздің «папа» деп соңынан еріп жүре алмай өскеніміз. Әйтпесе бәрі жақсы. Папамды бір ауыз сөзбен еске алу мүмкін емес. Әлі күнге дейін есімде, ол кісі кітап оқығанды өте жақсы көретін.
«Біз –  кітап оқу арқылы ой түзеген, көркем шығармалармен тәрбиеленіп өскен ұрпақтың өкіліміз. Біздің кезімізде «лучший подарок это - книга» деген ұстаным болатын,» - деп айтып отыратын. Содан болар, қазақ-орыс классиктерінің шығармаларын оқуды әдетке айналдырғаны соншалық, философиялық ой-толғам жасаудан жалықпайтын. Әсіресе, орыстың классик жазушысы Антон Чеховтың шығармаларын қолынан тастамайтын. Оның кітаптарын оқып болған соң «өмір дегеніміз адамға берілген  таңғажайып сый ғой. Адам өмірге өз мақсатымен келеді. Ал мақсатты іске асыру – қалау мен іс-әрекетке өте байланысты. Іс-әрекет адамның рухани жетілуінің көрсеткіші,» - деп отырушы еді. Міне, арада қанша уақыт өтсе де әкемнің сөздері дәл кешегідей әлі есімде. Өкініштісі – қысқа ғұмыр кешкені. Оның әрбір «тұмардай» болған сөздерін аялай жүрегімде сақтап, оңашада ой қорытамын. Менің әлеміме оның бейнесі әрқашан сәуле шашып тұрғандай болады,» - деп сөзін түйіндеді.

Майдангер отбасының тұңғышы – полковник Жора Талқанбайұлы Сәпиев 1956 жылғы 20 тамызда Талдықорған облысы Талдықорған ауданына қарасты Шұбар ауылында дүниеге келген. 1963-1973 жылдары орта мектепте білім алады. Әкесі Талқанбай мен анасы Гүлсара ауыл мектебінде шәкірттерге білім берумен айналысқан. Осындай ұстаздар жанұясында тәрбиеленген бала Жораның білім көкжиегі жоғары деңгейде қалыптасты. Жасынан елгезек, сауатты азаматтың есею жылдары сол кездегі қоғам жүйесіндегі комсомол, партия сынды белсенді бетбұрыстармен орайлас келді. Білімі мен ақылының арқасында Жора бірден осы бір тарихи кезеңнің істеріне белсене араласа бастады. Ол өз заманында жастар арасында ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізіп, комсомол қызметінде де көзге түсті. Сол күндердің куәсі ретінде мына төмендегі мұрағат мәліметтеріне назар салып көрелік.

1973 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Жора Сәпиев Алматыдағы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ ауылшаруашылығы институтына түсіп, оны 1978 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Еңбек жолын 1978 – 1983 жылдар аралығында Алматы облысы Іле ауданына қарасты «Энергетический» кентінде механикаландырылған жұмыс басқармасының № 3 трест механигі болып бастайды. Сол заманның күрделі мәселелерінің қажеттігін терең түсінген және екі тілде де сауаттылығымен көзге түскен Жора Сәпиев Алматы облыстық комсомол комитетінің ауыл және жұмысшы жастары бөлімінің нұсқаушысы, Іле аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып жұмыстар атқарған. 1981 жылы партия қатарына қабылданған. Жастар тәрбиесінің мәні мен маңызын көрсете білу, олардың ой-мақсаттарын бейімдеу бойынша іс-шаралар Ж. Сәпиевтің бастамасымен әрі тікелей қатысуымен өткізіліп отырды. Жастар мәселесі үлкен үгіт-насихат жұмысын жүргізуді қажет етеді. Сол уақытқа тән жастар форумының бағдарламалары бойынша өтетін әскери-патриоттық, дружиналық отрядтар жұмыстарына жетекші болды. Әр тапсырманы өз деңгейінде орындау мақсатында уақытпен санаспай жұмыс атқарды. Еліне шынайы қамқорлық жасау жолында ерік-жігерді бойына жинаған  жалынды жас Жора Талқанбайұлы 1984 жылғы
25 қаңтарда  Мемлекеттік қауіпсіздік органына  жедел қызметке қабылданды. 1985 жылы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Мәскеу қаласындағы басшы құрам мен жедел уәкілдер даярлайтын жоғары курстан даярлықтан өтті. Қызметін Алматы қаласында Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасында жедел уәкіл лауазымынан бастады.

Ол қауіпсіздік органдарында лейтенанттан полковник шеніне дейін өтіп, 1984 – 1999 жылдары өмірінің соңына дейін ҚазКСР МҚК – ҚР ҰҚК Орталық аппаратында, ҰҚК Атырау облыстық департаменттерінде басшы және жедел құрамның әртүрлі лауазымдарында қызмет атқарды. Қызмет атқару кезінде ол өзін белсенді, зерделі, сауатты қызметкер ретінде көрсете білді. Әр уақытта жедел қызметтің күрделі мәселелері бойынша терең ойластырылған және шұғыл шешімдер қабылдай білді. Туындаған мәселелерді шешуде табанды практикалық көмек көрсетті. Ол жас қызметкерлерге кәсібилік пен біліктіліктің қыр-сырын жалықпай үйретті. Қызмет жылдары кеңес жүйесі кезеңінен басталып, оңай келмеген тәуелсіздік уақытына жалғасып, бұдан әрі астананы Ақмолаға көшіру кезеңімен жалғасын тапты. 1990 жылдардан бастап ҰҚК-ге жаңа көзқарастағы жастар келе бастады. Бұл – замана ағымына қатысты бағытталған өмірлік, мемлекеттік мәні зор, кешегіні бүгінге ауыстырып, жаңадан бастау болатын. Осындай күрделі кезеңде полковник Жора Талқанбайұлы Сәпиев кадрлар мәселесінде жеке құрамды лайықты қызметкерлермен жасақтауға және олардың іскерлігін арттыруға, іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуіне көп көңіл бөлуімен ерекшеленді. Қызмет бабында талап қою арқылы маңызды да ерекше жедел шараларды ойдағыдай өткізуге, оларды реттеуге мүмкіндік беруге басымдық таныта білді. Оның әрбір атқарған қызметтік міндеттерінде, сондай-ақ туындаған жедел мәселелер мен проблемаларды шешуде жоғары зерделілік пен оптимизм орната білген басшы болды. Осының барлығы тек қызмет бабында ғана емес, жүрген ортасында да ақыл таразысы бола білген тұлға екенін көрсетеді. Қызмет атқарған жылдарында өзінің білімін, мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін аянбай жұмсай білді. Ол тек кәсіби біліктілігімен ғана ерекшеленбейтін, сондай-ақ айналасындағы адамдарға, әріптестеріне ұдайы көңіл бөліп, тұрмыс-тіршілікте қарапайымдылығымен, адамгершілігімен дараланатын. Бірақ, өкінішке орай, біздің қимас әріптесіміз Жора Талқанбайұлы нағыз кемеліне толып, қызмет жасайтын шағында ауыр науқас салдарынан дүниедан өтті. Жылдар өтсе де, біздің ортақ ісімізде ол атқарған жұмыстар маңызын жоймақ емес. Атап айтсақ, Ресей Федерациясындағы Бурятия Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасымен бірлесе ұйымдастырылған жедел іс-шараға майор Жора Сәпиевтің тікелей атсалысуымен мемлекеттік маңызы бар мәселенің алды алынған еді. Қызметтік іс-қимылда қол жеткізген оң нәтижелері үшін
III дәрежелі «ҰКК-КНБ-Казахстан» төсбелгісімен, сондай-ақ Комитет басшылығының мақтау грамоталарымен  марапатталған.

1997 жылы кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, подполковник Жора Сәпиев ҚР ҰҚК Атырау облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары лауазымына тағайындалған. Аталған департаментте ұйымдық-штаттық мәселелер мен жеке құрамды патриоттық  пен еңбексүйгіштікке тәрбиелеуде көптеген жұмыстар ұйымдастырып, оны жоғары деңгейге көтере білді. Аймақтың күрделі жедел ахуалын ескере отырып, басқарманы қажетті жедел бөлімдермен қайта қамтамасыз етуді аз уақыттың ішінде ұйымдастыра алды. Оның жеке араласуымен Ардагерлер кеңесі бойынша жұмыс жандана түсті. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мақсатында Қоғамдық қор құрылып, банктерде есеп-шот ашылуына атсалысты. Жеңіс күніне арналған «Жауынгерлік Даңқ» мұражайы ашылды. Сонымен қатар елімізде қасақана іс-әрекеттердің орын алмауына, валюталық-қаржы шеңберінде және моральдық нұқсан келтіруге бағытталған бүлдірушіліктің жолын кескен оң істері мен қол жеткізген жетістіктері қауіпсіздік саласындағы жедел қызметте сауатты да іскер қызметкер ретінде қолтаңба болып қалды.

1999 жылы сәуір айында ҰҚК Орталық аппаратының басшылығы тарапынан сенім артылып, басшы және жедел қызмет барысындағы тәжірибесі ескеріліп, генерал-майор Михаил Юсупұлы Дәуенов, оның тікелей басшылығымен полковник Жора Талқанбайұлы Сәпиев бастаған қызметкерлер тобы ҰҚК Арнайы мемлекеттік мұрағатын Алматы қаласынан жаңа астанаға көшіруді ойдағыдай жүзеге асырды. Аталған іс-шара бойынша ерекше құпиялылық режимді мұрағаттың талапқа сай құралдарымен жабдықталған арнайы көліктермен Астана қаласына жеткізілуін ұйымдастырушылардың бірі болды. Осы ретте полковник Жора Сәпиев науқастанып тұрса да, оны дәлел тұтпай, қызметтік  маңызы бар  іс-шараны соңына дейін белсене атқарысып, нағыз полковникке тән шыдамдылық танытты. Алайда дәрігерлер қолдарынан келгенінің бәрін жасап  баққанымен, тым кеш болған еді...   

Жора Талқанбайұлының құрдасы, ҚР ҰҚК зейнеткері, отставкадағы полковник Жәкеев Марат Зиядаұлы былай деп еске алады: «Менің отыз жылдан аса қауіпсіздік саласында әскери қызмет атқарған кезімнің әрбір жылын лайықты әріптестермен қатар сап түзеп, талай қайталанбас жылдар мен күндерді бастан өткіздім. Соның ішінде 90-жылдары Кеңес өкіметінің ыдырауына байланысты Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ел тарихының кеңістігінде 1997 жылы Астанананың Ақмолаға алғаш қоныс аудару сәті қауіпсіздік комитетінің Орталық аппараты үшін де маңызды мәселе болды. Бұл мақсатты оң шешуде комитет басшыларымен бірге осы саланың жеке құрам қызметкерлері де жұмылдырылған еді. Олардың бай тәжірибелері, іскерлік дағдылары қоғам игіліктерін қорғау мәселелері жолында ғана емес, өз кезегінде, жаңа тәуелсіздік қонысын қалыптастыруға да үлкен үлес қосты десем артық болмас. Сондай тау тұлғалардың арасында  42 жасында  ортамыздан кеткен Жора Талқанбайұлы Сәпиев те бар еді. Ердің ел үшін атқарған қызметі, жеткен биігі, абыройы қолдан жасалып, ойдан құрастырылмайды. Бұлардың барлығы жеке бастың ерекшелігімен ғана дәлелденетін нәрселер. Біздің Жора осы айтылған қасиеттерге лайықты азамат еді. Онымен Алматыда, Астанада бірге қызметтес болдым. Астанада бір үйде көрші тұрдық. Жанұясында жұбайы – Дәкен, анасы – Гүлсара, қыздары: Жанар, Анар (марқұм), Салтанат болды. Уақыт бір орнында тұрмайды, бұл күндері бәрі бойжетті. Сексеннің сеңгіріне шыққан анасы немерелерінен шөбере сүйген асыл әже. Әрине, ең  өкініштісі, Жораның өмірден ерте кеткені. Оның есімде қалған бейнесі – ашу-ренішті жаны сүймейтін, ондайда әзіл-қалжыңы дайын тұратын. Жүрген ортасында өте сыйлы, беделді, көпшіл, мақсаты айқын, жауапкершілігі зор тұлға еді. Оның өмірінен алынған мысалдар патриоттық рух береді. Себебі жүріп өткен жолы таза әрі ізгі, сондықтан аты біздің жүрегімізден өшпек емес. Ол арамызда жүргенде биыл алпыс екі жасқа толар еді».

Бұл күнде сексеннің сеңгіріне шыққан Алматы қаласының тұрғыны кейіпкеріміздің анасы – Гүлсара Құрмашева апамызға Жора Талқанбайұлын еске алу жоспарымызды айтып хабарласқанымызда: «Менің ұлымды ұмытпай еске алып, хабарласқандарың үшін басшыларыңа, сендерге аналық алғысымды білдіремін,» - деп көзіне жас алып, сөзін былай деп бастады: «Ананың басты бақыты – балалары. Сондықтан өмірде бәрі белгілі бір үйлесім тапқанда ғана Ана жаны жадырайды. Менде бәрі жақсы. Тек Жорамнан ерте айырылғаным болмаса. Менің құдай қосқан қосағым – арқа сүйер айбыным, пейілі кең азамат, балаларымның әкесі – Талқанбай болды. Біз екеуіміз бірге ғұмыр кеше жүріп, екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Оның кісілік келбетін тәңірдің өзі сыйға тартқандай еді. Отбасының берік ынтымақты болуы ер азаматқа да, әйелге де тікелей байланысты ғой. Сондықтан шаттығы жарасқан ұстаздар отбасы болдық. Мектепте ұстаз болудан бастап, мектеп басшысына дейін көтеріліп, 30 жылдан аса тарих пәнінен дәріс берді. Ұлы Отан соғысының ардагері, партия  мүшесі болған. Соғысты Украина майданынан бастап, Германия жерінде аяқтап, елге оралған. Майдангерлер арасында «Танкист Талқанбай» атанған. Сонымен қатар, III дәрежелі «Даңқ» орденінің, «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарының иегері еді. Соғыс туралы айта бермейтін. Тек, «Рақымжан Қошқарбаевпен майданда бірге болдым» дегені есімде қалыпты. 1975 жылы 55 жасында зейнеткерлікке шықты. Менің өзім де ұзақ жылдар бастауыш сыныптың мұғалімі болдым. Алматы қаласындағы Ғ. Мүсірепов атындағы № 86 мектепте мұғалімдіктен
1985 жылы зейнеткерлікке шықтым. Жора – біздің отбасымыздың тұңғышы. Әкесі тарихшы болған соң, тарихи тұлғаларға аса мән беретін. «Қырғыз халқының «Жора» деген батыры туралы оқыдым, өте ұнады, сондықтан ұлымның аты Жора болсын,» - деді. Оған  Жора деген есім беруіміздің қысқаша тарихы осындай. Әкесі 1990 жылы дүниеден озды. Жора жастайынан өте елгезек, кез келген іске қабілетті, ширақ болды. Өзінен кейін ерген бауырлары – Камал, Қаман, Бақыткүлге қамқоршы болып өсті. Мектепте жақсы оқыды, Алматыда институтты тәмамдады. Институт бітірген жылы әкесінің денсаулық жағдайына (Ұлы Отан соғысының мүгедегі) байланысты еркін жолдама алып, Алматы маңындағы «Энергетический» кентінде тұрып, алғашқы еңбек жолын
«Алма-Ататяжстрой» тресінде бастады. Бәріміз оның қамқорлығында болдық. 1979 жылы жан жары – Дәкен екеуі шаңырақ көтерді. Қыздары: Жанар, Анар, Салтанат дүниеге келді. Қауіпсіздік саласында 1984 жылдан өмірінің соңына дейін полковник шенінде қызмет атқарды.  Жорамның Дәкені, Камалымның Айымкүлі маған адал келіндер. Сондықтан жақсы келіндермен керегем кеңейген бақытты анамын. Амалым жоқ, Жорам ерте кеткені болмаса. Немере, шөберелерімнің қызығына «шүкіршілік»  айтамын. Сөзінің соңында көпті көрген ана «Бақыттың өзі шыдамдылықты өзінің ең тәуір сыйларымен марапаттайды. Ол үшін ой да, тілек те, бойдағы бар нәрсе әсем де сыпайы болуы тиіс. Ал қазіргі жастарға айтарым: ата-аналарыңды сыйлаңдар. Олармен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Себебі осындай өзара жылы сенімдер ғана болашақты жақсылыққа бастай алады. Болашақ жастардың қолында,» - деп   ұлағатты  ұстаздық тілегін білдірді. 

Бүгінде бірге қызметтес болған әріптестері полковник Жора Талқанбайұлы Сәпиевті «оның қандай да болмасын іске жан-тәнімен беріліп қатысатынын, бөлімшенің міндеттері бойынша жедел-қызметтік әрекетте туындаған барлық проблемаларға өте терең, жете зерттей қарайтынын, ал қарамағындағылардан оң нәтижеге қол жеткізудің басты тетігі ретінде  талпынушылықты жоғары қоятынын» жиі еске алады. 

 Сөз соңында айтарымыз: Адам өмірінде маңызды екі таңдау бар. Бірі –  мамандық, екіншісі – жар таңдау. Екеуінен жолы болғандардың ғұмыр бойы соңынан бақыт ілесіп, артында ізгіліктің ізі қалады екен. Ал, Сәпиев Жора Талқанбайұлының ҒҰМЫРНАМАСЫ осындай рухани үндестікті жалғастырып тұрғандай.

 

 

 

 

 

 

Дата публикации: 12.02.2018